Абай облысында полиция шетел азаматтарын хабарлау тәртібін түсіндірді
Абай облысында полиция шетел азаматтарын хабарлау тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасына келген шетел азаматтарының болуы туралы хабарлама беру — қабылдаушы тарап үшін міндетті рәсімдердің бірі. Бұл талап шетел азаматтарын көші-қон есебіне алу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қабылдаушы тарап ретінде:
- қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары;
- жұмыс берушілер;
- тұрғын үй иелері қарастырылады.
Хабарламаны бірнеше тәсіл арқылы беруге болады:
- Қазақстан Республикасының визалық-көші-қон порталы арқылы онлайн режимде (авторлану және электрондық цифрлық қолтаңба қажет);
- электрондық үкімет порталы арқылы;
- eQonaq мобильді қосымшасы арқылы (паспортты сканерлеу арқылы жедел хабарлама жіберу мүмкіндігі бар);
- қағаз нұсқада — көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне жеке жүгіну арқылы.
Полиция шетел азаматы визамен немесе визасыз тәртіппен келгеніне қарамастан, хабарлама беру міндетті екенін ескертеді. Бұл ретте шетел азаматының көші-қон қызметіне өз бетінше жүгінуі талап етілмейді, аталған міндет қабылдаушы тарапқа жүктеледі.
Сондай-ақ шетел азаматының уақытша тұратын мекенжайы өзгерген жағдайда немесе оның елдің басқа өңірінде үш тәуліктен артық болуы кезінде хабарлама қайтадан берілуі тиіс.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдер мен талаптарды бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Полиция шетел азаматтарын қабылдайтын барлық азаматтарды заң талаптарын сақтауға және хабарламаны уақытылы беруге шақырады. Бұл рәсім елдегі қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі болып табылады.
