Астанада полицейлер балаларға арналған профилактикалық іс-шара өткізді
Елордада "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында полиция қызметкерлері SOS Астана Балалар ауылы тәрбиеленушілеріне арналған танымдық әрі тәрбиелік іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға зорлық-зомбылықсыз қауіпсіз балалық шаққа деген құқықтары туралы айтып, құқықтық сауаттылық негіздерін түсіндірді. Сонымен қатар психологтар балалардың сенімін арттыруға, эмоциялық тұрақтылығын дамытуға және өздерін қорғалған сезінуіне бағытталған арт-терапиялық сабақтар өткізді.
Іс-шара ойын және еркін қарым-қатынас форматында ұйымдастырылып, тәрбиеленушілер полицейлермен бірге қауіпсіз балалық шақтың маңызын, өзара құрметті және қиын жағдайда көмек сұрай білудің қажеттігін талқылады.
Сондай-ақ мекеме әкімшілігімен балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру және алдағы бірлескен жұмыстар бойынша кездесу өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында қорғалғандық сезімін қалыптастыруға, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға және мемлекет қамқорлығын сезіндіруге ықпал етеді.
