Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының пробация қызметі сотталған азаматтарға жаңа өмір бастауға көмектесуде

Павлодар облысының пробация қызметі сотталған азаматтарға жаңа өмір бастауға көмектесуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде өңірдің пробация қызметі тек бақылау функцияларымен шектелмей, нақты әлеуметтік көмек көрсетуге басымдық беруде. Негізгі мақсат — тұрғын үймен қамтамасыз ету, мамандық алу және тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтарды қалыпты өмірге қайта бейімдеу.

Тереңкөл ауданы: жұмыс орындарына квота бөлу. 2026 жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмысқа орналастыру үшін 9 арнайы квота бөлінді (оның 4-і — пробациялық бақылаудағы азаматтарға, 5-і — бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға арналған). Бұл тетік азаматтардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік береді.

Успен ауданы: кешенді көмек (жұмыс пен тұрғын үй). Пробация қызметі Мансап орталығы және "Галицкое" ЖШС-мен бірлесіп, отбасы қолдауынсыз қалған сотталған азаматтың мәселесін шешті. Оған механизатор қызметі ұсынылып қана қоймай, тұрғын үй де берілді. Бұл тұрақты табыс пен қоғамға бейімделуге жағдай жасайды.

Май ауданы: сұранысқа ие мамандықтарға басымдық. Есепте тұрған азаматтарды кәсіби оқыту ұйымдастырылды. Атап айтқанда, "тракторшы-машинист" мамандығы бойынша даярлық басталып, болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалуда.

Павлодар ауданы: "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Пробация есебінде тұрған азаматтар мен алимент бойынша берешегі бар тұлғалар үшін арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Іс-шараға жұмыс берушілер, Мансап орталығы және жеке сот орындаушы қатысты. Қатысушылар жұмыс берушілерден тікелей ұсыныстар алып, құқықтық кеңес алды.

- Тұрақты табыс пен тұрақтылық — қайталама қылмыстың алдын алудағы ең тиімді тосқауыл. Адамның жұмысы, баспанасы және сұранысқа ие мамандығы болса, құқық бұзушылық тәуекелі айтарлықтай төмендейді. Біздің міндетіміз — әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп, оларға осы негізді қалыптастыру, — деді пробация қызметінің қызметкері Макпал Темірканова.

Сонымен қатар Аққулы, Шарбақты, Ақтоғай, Баянауыл, Железин аудандарында және облыстың өзге де өңірлерінде қатаң пробациялық бақылау жүргізілуде. Есепте тұрған азаматтармен құқықтық жауапкершілік, сот белгілеген шектеулерді сақтау және заңға бағынатын өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіледі.

Әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмыстар ҚАЖ департаменті басшылығының тұрақты бақылауында және Павлодар облысының барлық аудандарында жалғасатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру