Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицей-кавалеристің бір күні: ел тыныштығын күзеткен ат үстіндегі сақшылар

Атты полиция — бұл тек ат үстіндегі патруль емес, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің сенімді тірегі. Олар күн сайын қоғамдық орындарда кезекшілік атқарып, тәртіпті қадағалап, кез келген төтенше жағдайға сақадай сай жүреді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысын атты полицияның отаны деуге толық негіз бар. Себебі 1918 жылдың 12 тамызында Семей жерінде алғашқы атты Алаш милициясы құрылған. Бүгінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, сол тарихи дәстүрдің жалғастырушысы болып келеді.

Патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы көлік жете бермейтін аумақтарды бақылауда ұстайды. Олар көбіне жағалаулар мен саябақтарды патрульдеп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бір ғасырға жуық тарихы бар атты әскер взводы халықтың ықыласына бөленіп, көпшіліктің құрметіне ие болған. Себебі олар қиын сәтте әрдайым көмекке келіп, сенім үдесінен шығып келеді.

Бұл — жай ғана атпен патрульдеу емес. Бұл — Ұлы дала тарихын, қазақ халқының атқа міну мәдениетін және заманауи құқық қорғау жүйесінің сабақтастығын айшықтайтын бірегей қызмет.

Кавалерия қызметі жоғары дайындықты, төзімділікті, шапшаңдық пен адалдықты талап етеді. Ат пен полицей арасындағы үйлесім — олардың басты артықшылығы. Әрбір сапқа тұру, әрбір қадам — халыққа деген қамқорлық пен жауапкершіліктің белгісі.

Полицей-кавалерист Аманғали Қаскенов өз қызметі туралы былай дейді:

- Біз тек патрульдік қызмет атқармаймыз, біз қоғам тыныштығы үшін еңбек етеміз. Ат үстіндегі әрбір қадам — үлкен жауапкершілік, ал әрбір әрекет — халыққа деген қамқорлықтың көрінісі. Біз әрдайым дайынбыз және абыроймен қызмет етуге тырысамыз. Себебі ел тыныштығы — біздің басты миссиямыз. Бала күнімнен жылқы жанымның серігіне айналды. Сондықтан дәл осы кавалерия қызметінде жүргенімді мақтан тұтамын. Өзімізге қалай күтім жасасақ, тұлпарларымызға да дәл солай қараймыз. Қазір атты әскер тұрғындардың, әсіресе балалардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр, — дейді ол.

Қызметтің негізгі бағыттары:

- Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

- Профилактикалық жұмыстар жүргізу

- Жедел әрекет ету және төтенше жағдайларға дайын болу

Кавалерия қызметінің басты ерекшелігі — тек тәртіп сақтау емес, халықпен тығыз байланыс орнатып, сенім мен өзара түсіністікті нығайту. Ат үстіндегі патрульдер бүгінде қауіпсіздік пен тәртіптің символына айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру