Алматы облысында оқушылар қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер талқыланды
Алматы облысында оқу жылының аяқталуы қарсаңында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшылығы мен білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыру мәселелері қаралды.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүруіне жол бермеу, сондай-ақ оларға алкоголь және темекі өнімдерін сатудың алдын алу қажеттігі атап өтілді.
Брифинг барысында түлектердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты оқу жылының аяқталуына арналған мерекелік іс-шаралар кезінде мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ жазғы кезеңде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимде жалғасатыны хабарланды.
Брифинг соңында құқық қорғау органдарының өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
