Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығыс Қазақстан облысында үздік жас жол инспекторлары анықталды

Шығыс Қазақстан облысында үздік жас жол инспекторлары анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

22 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп Өскемен қаласында жас жол инспекторларының облыстық слетін өткізді. Іс-шараның басты мақсаты — балалар арасындағы жол-көлік жарақатының алдын алу және оқушылардың жол жүру ережелері бойынша білім деңгейін арттыру.

Слетке облыстың қала-аудандарынан келген 10 мектеп командасы қатысты.

Қатысушыларға ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишин құттықтау сөз сөйледі.

- Сіздер өз үлгілеріңіз арқылы бүгіннің өзінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келесіздер. Сіздердің арқаларыңызда заң мен тәртіпті құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары жаңа буын қалыптасып келеді, — деді ол.

Слет бағдарламасы "Жас реттеуші", "Жас санитар", "Эрудиттер турнирі", "ЖЖЕ білгірлері", "Топтық таныстыру" және "Велосипедті мәнерлеп жүргізу" атты алты кезеңнен тұрды. Әр сайыста қатысушылар жол қауіпсіздігі саласындағы теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жоғары деңгейде көрсетті.

Жалпы нәтижелер барлық кезең бойынша жиналған ұпай саны арқылы анықталды. Командалық есепте Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Глубокое ауданының жас жол инспекторлары иеленсе, үшінші орын Алтай ауданының командасына бұйырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай слеттер жас жол инспекторлары қозғалысының тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар тәрбие мен тәжірибе мектебі екенін айқын көрсетеді. Осындай шаралар оқушыларды жолда тәртіп сақтауға, мұқият болуға тәрбиелеп, қатарластарына үлгі болуға баулиды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру