Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында "Есептегі тұлға" іс-шарасы аясында 2 мыңнан астам азамат тексерілді

Жетісу облысында профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды бақылау, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілген "Есептегі тұлға" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара бірнеше күн бойы облыс аумағында жүргізілді. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері ішкі істер органдарының түрлі профилактикалық есебінде тұрған 2 мыңнан астам азаматты тексерді.

Рейдтік және мекенжайлық тексерулер барысында полицейлер 49 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті. Анықталған фактілердің басым бөлігі заңнамада белгіленген шектеулер мен талаптарды сақтамауға қатысты болды.

Атап айтқанда, ішкі істер органдарының заңды талаптарын орындау тәртібі мен мерзімдерін бұзуға байланысты 10 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ сот үкімін, сот шешімін және өзге де сот актілері мен атқарушылық құжаттарды орындамаудың 11 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар мен пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар тарапынан да заң бұзушылықтар анықталды.

Іс-шара барысында ресми ескертудің талаптарын бұзудың 4 фактісі тіркелді.

ЖПІШ аясында бақылау шараларымен қатар, есептегі тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Іс-шара қорытындысы бойынша 14 материал халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдарына жолданып, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және жұмысқа орналастыру мәселелері қарастырылды.

Полиция департаментінде мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қайталама қылмыстың жолын кесуге және өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру