Полицейлер мұз айдынында топ жарды: Astana Police командасы чемпион атанды
Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері 2025-2026 жылғы маусымдағы Астананың әуесқой хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында өткен турнирде бірінші орын иеленіп, Асқар Забикулин атындағы кубоктың иегері атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнирге 24 команда қатысып, жарыстың тартысты әрі жоғары бәсеке жағдайында өтуіне негіз болды. Құрамына елордалық полицияның түрлі бөлімшелерінің қызметкерлері енген Astana Police командасы чемпионат бойы жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдықты және нағыз командалық рухты көрсетті.
Финалдық матч полицей-хоккейшілер үшін үлкен сынға айналды. Қарсыластардың тартысты ойынына қарамастан, полиция қызметкерлері сабырлылық, мінез және жеңіске деген жігер танытып, Астана қаласы полиция департаментінің намысын абыроймен қорғап, бірінші орынды жеңіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Astana Police командасына Асқар Забикулин атындағы кубок табысталды. Сонымен қатар ойыншылар грамоталармен және медальдармен марапатталды.
Полицейлердің бұл жеңісі — бірлік, тәртіп және өзара қолдау тек қызмет барысында ғана емес, спорт алаңында да жоғары нәтижеге жетудің басты кепілі екенін айқын көрсетті.
