СҚО-да полицейлер түлектер қауіпсіздігін бақылауға алды
СҚО-да полицейлер түлектер қауіпсіздігін бақылауға алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
25 мамыр — оқушылар, ата-аналар мен педагогтер үшін ерекше маңызға ие "Соңғы қоңырау" мерекесі. Алда мектеп оқушыларын жазғы демалыс, ал түлектерді үлкен өмірдің жаңа кезеңі күтіп тұр. Осы мерекелік күннің тыныш әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде өткен салтанатты жиынға қатысып, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол түлектерге сәттілік тілеп, барлық оқушыларды жазғы демалысты пайдалы өткізуге және Қазақстан Республикасының азаматтары ретіндегі құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Бұл күні мектептердегі іс-шараларға полицияның түрлі бөлімшелерінің басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылды. Патрульдік полиция қызметкерлері, ювеналдық полицейлер мен учаскелік инспекторлар білім беру ұйымдарының маңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Тәртіп сақшылары ата-аналарға балалардың бос уақытын назарда ұстаудың маңыздылығын еске салды. Өйткені кәмелетке толмағандардың қатысуымен немесе оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуда ата-аналық бақылау ерекше рөл атқарады.

Сонымен қатар 26 мамырға қараған түні өңірде ювеналдық полиция инспекторларының қатысуымен профилактикалық рейдтер мен жергілікті тексеру іс-шаралары өткізіледі. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
