Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында 1900-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Абай облысында 1900-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында өткізілген "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған ауқымды шаралардың бірі болды. Жолдағы әрбір талап – адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауға арналған маңызды ереже, ал жол мәдениеті – қоғамдық тәртіптің негізгі тіректерінің бірі.

Өңір аумағында ұйымдастырылған рейдтік іс-шараларға 304 полиция қызметкері тартылып, олар тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқарды. Нәтижесінде бірнеше күн ішінде 1966 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді.

Жол қозғалысы ережелерін елемеу мен жауапсыздық адам өміріне тікелей қауіп төндіретіні белгілі. Осыған байланысты техникалық талаптарға сәйкес келмейтін 423 көлік құралының жол қозғалысына қатысқаны анықталды.

Сонымен қатар рұқсатсыз қайта жабдықталған 63 автокөлік тіркелсе, 193 жүргізушінің міндетті техникалық байқаудан өтпегені белгілі болды.

Жүргізушілер арасында рөлде отырып ұялы телефон пайдаланған 292 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Ал балалардың қауіпсіздігін ескермей, арнайы балаларды ұстап тұру құрылғысынсыз көлік басқарған 67 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ көлік жүргізу құқығы жоқ 105 азаматтың рөлге отыруына жол берілмеді. Жалпы іс-шара барысында 153 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров жол қауіпсіздігі – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

— Жол — жай ғана қозғалыс алаңы емес, онда адам тағдыры, отбасының амандығы, балалардың болашағы жатыр. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап өз өміріне ғана емес, өзге азаматтардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс. «Қауіпсіз жол» іс-шарасының басты мақсаты – айыппұл салу емес, жолдағы тәртіп мәдениетін қалыптастыру және адам өмірін сақтау, — деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру