Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде

Абай облысында сотталғандармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде 1000-ға жуық сотталған жазасын өтеуде. Мекеме қызметкерлері тарапынан қайталама қылмыстардың алдын алуға, заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға, сондай-ақ сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінде және босатылғаннан кейін еңбекке орналастыруға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Ерекше назар жедел бөлім қызметкерлері өткізетін жеке профилактикалық әңгімелерге аударылады. Осындай кездесулер барысында сотталғандар жасаған қылмыстарының себептерін талдап, өз әрекеттерінің салдарын бағалайды және құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу жөнінде ұсыныстар алады.

Осындай профилактикалық әңгімелердің бірінде сотталған азамат өз өмір жолы мен қылмысқа баруына себеп болған жағдайлар туралы айтып берді.

— Мен 34 жастамын. Жамбыл облысының тумасымын, жұбайым және екі кішкентай балам бар — бірі екі жаста, екіншісі жеті жаста. Мен толық отбасында өстім, ата-анам қарапайым жұмысшылар болды, бірақ біз ештеңеден таршылық көрмесін деп әрдайым барын салатын. Үйленгеннен кейін біраз уақыт бізге көмектесті, алайда қаражат бәрібір жетіспеді. Сол кезде мен жиһаз жасау ісін бастап, цех жалдап, алдын ала төлем алып тапсырыстар қабылдай бастадым.

Бастапқыда бәрі адал әрі дұрыс болып көрінді. Бірақ уақыт өте келе өзімді бақылаудан шығарып алдым. Адамдар маған сеніп тапсырған ақшаны жеке қажеттіліктеріме жұмсап, жұмысты “кейінге” қалдыра бердім. Өзімді ақтап, бәрін түзетемін деп уәде беретінмін, бірақ міндеттемелерімді қайта-қайта бұздым. Нәтижесінде 13 адамды 14 миллион теңгеден астам сомаға алдап, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығымнан айырылдым.

Бүгінде мен тек сол адамдардың ғана емес, өз отбасымның — жұбайымның, балаларымның, ата-анамның да сенімін ақтамағанымды түсінемін. Ең ауыры — балаларым өмірінің ең маңызды кезеңдерінде менсіз өсетінін сезіну. Оларға мұның не үшін болғанын қалай түсіндіремін деп жиі ойланамын.

Жастарға айтарым: тез ақша мен жеңіл табысқа қызықпаңыздар. Кез келген алдау ерте ме, кеш пе әшкереленеді, ал оның салдары ұзақ жылдарға қалады. Адалдық пен еңбек — өмірді құрдымға жібермейтін жалғыз жол. Мен мұны тым кеш түсіндім, бірақ басқалар менің қателігімді қайталамай, дұрыс қорытынды жасайды деп үміттенемін, — деп бөлісті сотталған азамат.

— Сотталғандармен жүргізілетін жеке жұмыс олардың өмірлік ұстанымдарын анықтап қана қоймай, жасаған әрекеттеріне саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — әрбір қылмыстың салдары болатынын жеткізу және жазаны өтеумен ғана шектелмей, дұрыс қорытынды жасап, бұрынғы қателікке қайта оралмауға бағыт беру, — деді мекеменің жедел бөлім бастығы Сунгат Абраев

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру