Петропавлда полицейлер героинді заңсыз сатуға қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады
Петропавл қаласында полицейлер героинді заңсыз сатуға қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады. Арнайы операция Астана көшесі маңында жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары Chery Tiggo 2 автокөлігін тоқтатқан. Көлікте жолаушы ретінде отырған 45 жастағы қала тұрғынының бұған дейін мүліктік қылмыстар үшін сотталғаны анықталды. Алдын ала деректерге сәйкес, ол есірткі заттарын "қолдан қолға" өткізу тәсілімен таратумен айналысқан.
Көлікті тексеру кезінде шынтақ тіреуішінен героин салынған екі түйіншек табылып, тәркіленді. Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту барысында есірткі заты бар пакет пен төрт дана трамадол ампуласы анықталды. Тәркіленген героиннің жалпы салмағы 59 грамнан асқан.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз айналымнан 12 келіден астам түрлі есірткі және психобелсенді заттарды тәркілеген. Оның ішінде 7,5 келіден астам синтетикалық есірткі, шамамен 150 грамм героин және 35 грамм трамадол бар.
