Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік инспектор – тұрғындар тыныштығы үшін тәулік бойы қызметте

Қала тұрғындары тыныш ұйқыға кеткен уақытта да учаскелік инспектордың қызметі тоқтамайды. Тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу деректері мен азаматтардың өтініштері бойынша бірінші болып оқиға орнына жететін тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін тәулік бойы қызмет атқарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала тұрғындарының көпшілігі жаңа күнін енді бастап жатқан сәтте, учаскелік полиция инспекторы өз қызметіне кірісіп үлгереді. Оның күнделікті еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда отбасылық жанжал, тұрмыстық оқиға, қоғамдық тәртіпті бұзу деректері немесе тұрғындардың түрлі өтініштері бойынша ең алдымен дәл осы учаскелік инспектор келеді. Ол өзіне бекітілген аумақты, ондағы тұрғындарды, олардың мәселелері мен алаңдаушылықтарын жақсы біледі.

Учаскелік инспектордың күнделікті қызметі туралы Талдықорған қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Нұрлан Талғатұлы әңгімелеп берді. Ол бұл салада екі жарым жылдан астам уақыт бойы абыройлы қызмет атқарып келеді.

Жұмыс күні таңғы нұсқамадан және әкімшілік аумақтағы жедел ахуалды зерделеуден басталады. Одан кейін аумақты аралау, тұрғындармен кездесу, есепте тұрған азаматтарды тексеру, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың өтініштерін қарау жалғасады.

— Учаскелік инспектордың жұмысы — халықпен етене араласып, тұрақты байланыс орнату. Біздің басты міндетіміз тек шақыртуларға барумен шектелмейді. Ең маңыздысы — құқық бұзушылықтың алдын алып, мәселелерді дер кезінде анықтап, азаматтарға көмек көрсету, — дейді Нұрлан Талғатұлы.

Күндіз учаскелік инспектор аулаларды, сауда орындарын, білім беру мекемелерін аралап, жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен де жұмыс істейді. Көптеген тұрғындар өз учаскелік инспекторын жақсы таниды. Себебі қандай да бір мәселе туындаса, ең алдымен солардан көмек сұрайды.

Алайда кешкі уақытта қызмет аяқталмайды. Түнгі шақыртулар, отбасылық жанжалдар, қоғамдық орындардағы тыныштықты бұзу деректері мен түрлі құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар да учаскелік инспектордың күнделікті міндетінің бір бөлігі.

Кей жағдайда жұмыс ауысымы түн ортасынан кейін де жалғасады. Шаршағанына қарамастан, полиция қызметкерлері өз міндетіне адал болып қала береді. Өйткені әрбір қоңыраудың артында адам тағдыры немесе шұғыл әрекет етуді қажет ететін жағдай тұруы мүмкін.

Учаскелік инспектордың қызметі — тек форма мен погон ғана емес. Бұл — зор жауапкершілік, төзімділік және тәуліктің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын болу. Осындай қызметкерлер тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамның көзге көрінбейтін қаһармандарына айналып отыр.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, учаскелік инспекторлар қызметі — ішкі істер органдары жүйесіндегі ең күрделі әрі аса маңызды бағыттардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру