Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда балаларды қорғауға арналған ауқымды флешмоб өтті

Алматы қаласында балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған "Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз ел" республикалық акциясы аясында ауқымды флешмоб ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дағдарыс орталықтарының мамандары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, блогерлер және 400-ге жуық студент қатысты. Шараның басты мақсаты – қоғамда отбасылық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару, сондай-ақ өзара құрмет пен қолдау құндылықтарын насихаттау.

Флешмобтың негізгі символы ретінде баланың алақан ізі бейнеленген ақ лента таңдалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл белгі қорғанды, қамқорлықты және қауіпсіздікті білдіреді. Акция "Отбасы қауіпсіздіктен басталады" ұранымен өтті.

Шара барысында қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау мен отбасы институтын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамдағы әрбір азаматтың бұл мәселеге бейжай қарамауы қажеттігін жеткізді.

Алматы қаласы полиция департаменті Ққоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мұндай бастамалардың құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарға ден қою ғана емес, олардың алдын алу. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда болады, өйткені олар қоғамның ең осал санатының бірі, – деді ол.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қоғамдық ұйымдар мен жастарды кеңінен тарта отырып, түсіндіру және алдын алу шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Мамандардың пікірінше, осындай іс-шаралар қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, балалардың қауіпсіз әрі бақытты ортада өмір сүруіне ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру