Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында жасөспірімдер тергеу изоляторының тыныс-тіршілігімен танысты

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Талдықорған қаласындағы №71 мекемеде  жасөспірімдерге арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің бірлесуімен өткізілді. Экскурсияға облыстың жақын маңдағы аудандарынан келген 20-дан астам жасөспірім қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар тергеу изоляторының жұмыс тәртібімен танысып, қамауда ұсталатын азаматтардың тұрмыс жағдайын көрді. Сондай-ақ мекеменің күнделікті қызметі, ішкі тәртіп талаптары мен қауіпсіздік шаралары туралы жан-жақты ақпарат алды.

Мекеме қызметкерлері жасөспірімдерге құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың салдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік түрлері туралы кеңінен ақпарат берілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық санасын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Экскурсия барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен еркін пікір алмасты. Бұл олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік берді.

Тәртіп сақшыларының пікірінше, осындай профилактикалық кездесулер заңсыз әрекеттердің салдарын нақты мысалдар арқылы көрсетуге жол ашады. Нәтижесінде жасөспірімдер өмірлік маңызды шешімдер қабылдауда заң талаптарын басшылыққа алып, жауапты азамат болып қалыптасуға қадам жасайды.

Мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін нығайтып, олардың болашақта заңға бағынатын әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру