Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы ПД бірінші жартыжылдықтың жұмысын қорытындылады

Маңғыстау облысы полиция департаментінде жылдың алғашқы алты айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға департамент басшылығы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, аумақтық полиция бөлімшелерінің басшылары, қылмыстық-атқару жүйесі мен пробация қызметінің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік және әскери құрылымдардың басшылары қатысты.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша бірқатар негізгі бағытта оң нәтижелерге қол жеткізілді. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4 пайызға төмендеді. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 20,9 пайызға, ал онша ауыр емес қылмыстар 7,8 пайызға азайды. Сонымен қатар ұрлық, алаяқтық және тонау қылмыстарының саны да қысқарды.

Қылмыстарды ашу көрсеткіштері жақсарды. Алаяқтық қылмыстарын ашу деңгейі 76,2 пайызға, интернет-алаяқтықты ашу көрсеткіші 58,5 пайызға, ал ұялы телефон ұрлықтарын ашу деңгейі 94,7 пайызға жетті.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи цифрлық технологиялар тиімді қолданылуда. Бейнебақылау камераларының көмегімен 188 қылмыс ашылды. Сондай-ақ өткен жылдары жасалған қылмыстарды ашуға ерекше көңіл бөлініп, алты ай ішінде осы санаттағы 83 қылмыс әшкереленді.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бағытында да оң нәтижелер бар. Жалпы 231 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның 71-і қылмыс болса, 160-ы қылмыстық теріс қылық санатына жатады. Заңсыз айналымнан 127 келіден астам есірткі заты, оның ішінде синтетикалық есірткілер тәркіленді.

Профилактикалық жұмыстар аясында 374 іс-шара өткізіліп, оған 17 мыңнан астам жас пен қоғам өкілдері қатысты. 57 рейд барысында есірткі жарнамасы бар 160 граффити жойылып, тыйым салынған контент таратқан 670 интернет-ресурсқа бұғаттау шаралары қолданылды.

Тергеу бөлімшелері 911 қылмыстық істі сотқа жолдады. Тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 9,1 пайызға, ал отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 4,8 пайызға төмендеді.

Кеңесті қорытындылаған Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшылығы жеке құрамға қол жеткізілген оң нәтижелерді сақтап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар департамент бастығы жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Аумақтық полиция бөлімшелерінің басшыларына мектеп демалысы кезінде балалардың қауіпсіздігін күшейту, халық көп шоғырланатын орындарда бақылауды арттыру, өңірге келетін тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы полиция департаментінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жылдың екінші жартыжылдығында да жалғасады. Басты мақсат – облыс тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру