Жетісуда сот сараптамаларын тағайындау және жүргізу мәселелері талқыланды
Жетісу облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастамасымен облыстық сот сараптамалары институтының басшылығы мен мамандарының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға қалалық және аудандық полиция бөлімдері бастықтарының тергеу жұмысына жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.
Кездесу барысында "е-Сараптама" ақпараттық жүйесі арқылы сот сараптамаларын тағайындау мен жүргізу тәжірибесін жетілдіру, сараптамаларды орындау мерзімдерін оңтайландыру, сондай-ақ тергеушілер мен сот сарапшылары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар кешенді, сот-медициналық, сот-автотехникалық, көлік-трасологиялық және өзге де сараптамаларды тағайындаудың практикалық қырлары қарастырылып, қылмыстық істерді тергеу барысында туындайтын өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар кәсіби қызмет барысында кездесетін түйткілдерді ортаға салып, қылмыстық істер бойынша дәлелдемелік базаның объективтілігін қамтамасыз етуге және тергеу сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Мұндай кездесулер ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтып, сот сараптамаларының сапасын арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін жетілдіруге ықпал етеді.
