Көкшетауда полицейлер оқушыларға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді
Көкшетауда полицейлер "Жолдағы балалар" іс-шарасы аясында марш-шеру мен танымдық кездесулер өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жолдағы балалар" жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері балалардың жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған бірқатар профилактикалық шаралар ұйымдастырды.
Осы мақсатта Көкшетау қаласының Жаңа жағалау аумағында №2 және №6 мектеп оқушыларының қатысуымен марш-шеру өтті. Іс-шараның басты мақсаты – балалар қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын аудару және жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін сақтау дағдыларын нығайту.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелеріне арналған танымдық викториналар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Патрульдік полиция инспекторлары балаларға жаяу жүргіншілер өткелінде, велосипед жолақтарында және жол бойында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Тақырыптық байқаулар да оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін сынап, белсенділік танытты. Дұрыс жауап берген оқушыларға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.
Полицейлер мұндай іс-шаралар балалардың жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде жазатайым оқиғалардың алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті.
