Жетісу облысында қылмыстарды тергеу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті
Жетісу облысында криптовалюталар мен цифрлық активтерге қатысты қылмыстарды тергеу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері үшін криптовалюталарды, цифрлық активтерді, блокчейн технологияларын және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу мәселелеріне арналған семинар-кеңес өткізілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы ІІМ Заң департаменті құқықтық және нормашығармашылық үйлестіру басқармасының бастығы Тажин Т., ҚР ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің криминалисі Радищев Д.А. және “Cryptoforensiclab” ЖШС басшысы Карашев Д.Д. қатысты.
Семинар барысында қызметкерлерге криптоактивтерге қатысты құқық бұзушылықтарды құжаттау тәртібі, тәркілеуге жататын криптоактивтерді алу ерекшеліктері, сондай-ақ актив түрі мен пайдаланылатын криптожеліге байланысты ІІМ қызметтік криптоәмиянының сыртқы мекенжайларын алу қағидалары түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушыларға блокчейн технологиясының жұмыс істеу тетіктері, криптобиржалардың қызметі және цифрлық активтер саласындағы қылмыстарды тергеудің заманауи тәсілдері жан-жақты түсіндірілді.
Семинар қорытындысы бойынша қызметкерлердің білім деңгейін анықтау мақсатында тестілеу өткізіліп, тәжірибелік сұрақтар талқыланды.
Мұндай іс-шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау тиімділігін күшейтуге бағытталған.
