Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында ата-аналарға есірткі қауіпінің алдын алу жолдары түсіндірілді

Жамбыл облысында 450-ден астам мектептің ата-аналары есірткінің алдын алу мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында Жамбыл облысының 451 мектебінің оқушыларының ата-аналарына арналған онлайн форматтағы облыстық ата-аналар жиналысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесі болды.

Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, облыстық білім басқармасының өкілдері, психикалық денсаулық орталығының мамандары, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Жиналыс барысында мамандар ата-аналарға жасөспірімдердің есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына тартылу қаупі туралы кеңінен түсіндірді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы "жеңіл табыс" ұсыну желеуімен кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту фактілеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар балалардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және шынайы өмірде де, цифрлық ортада да қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту мәселелерін талқылады.

Мамандар ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға, араласатын ортасына көңіл бөлуге және интернеттегі белсенділігін бақылауға кеңес берді.

Кездесуде жасөспірімдерді жазғы кезеңде жұмыспен қамту мәселесі де сөз болды. Ата-аналарға еңбек жағдайларын мұқият зерделеп, жұмыс берушілердің заңдылығын тексеру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі түсіндірілді.

Жиынға қатысушылар ата-аналардың дер кезінде көңіл бөлуі, отбасындағы ашық диалог пен мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және қоғамның бірлескен жұмысы жастарды есірткі қатерінен қорғаудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы ортақ күш-жігерді нығайту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру