Есірткіге қарсы спорттық майдан: Қарағанды облысының жастары салауатты өмір салтын таңдады
Қарағанды облысының Балқаш қаласында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес айлығы және Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің ұйымдастыруымен студент жастар арасында спорттық жарыс өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және дене шынықтыру мен спорттың маңызын арттыру болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт – жас ұрпақты теріс әрекеттерден қорғап, дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі.
Жарыстың негізгі бөлігі волейбол турниріне арналды. Оған Балқаш технология және сервис колледжінің, А. Мусин атындағы гуманитарлық-техникалық колледждің, жоғары медициналық колледждің және "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС политехникалық колледжінің студенттері қатысты.
Турнир барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әр ойын тартысты өтіп, қатысушылар мен жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша А. Мусин атындағы гуманитарлық-техникалық колледж командасы үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Жеңімпаздарға кубок, медальдар және портативті караоке жүйесі табысталды.
ІІ орынды жоғары медициналық колледж командасы жеңіп алып, кубок, медальдар және музыкалық колонкамен марапатталды.
Ал ІІІ орын "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС политехникалық колледжінің студенттеріне бұйырып, олар кубок, медальдар және заманауи планшетке ие болды.
Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық санасын арттырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтына деген жауапкершілігін күшейтіп, спорттың нашақорлықтың алдын алудағы маңызды рөлін айқындай түседі.
