Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда атты полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде

Павлодарлық атты полиция жыл басынан бері 30-ға жуық құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының қызметінде 15 жылқы бар. Олар күн сайын қала маңындағы оңтүстік аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады.

Кавалериялық взводтың автопатрульдер мен жаяу жасақтардан басты артықшылығы – оның жоғары ұтқырлығы. Атты полиция қызметкерлері қызметтік көлік жете алмайтын, жүру қиын аумақтарды да еркін аралап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік алады.

– Біздің жасақтар күніне екі рет – күндіз және кешкі уақытта патрульдеуге шығады. Негізгі міндетіміз – мүлік ұрлығының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бұл жұмысқа тұрғындар да үйреніп қалды. Қажет болған жағдайда әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл халықтың атты полицияға деген сенімінің жоғары екенін аңғартады, - дейді кавалериялық взвод командирінің орынбасары Елжас Қалие.

Батальондағы әрбір жылқыға жеке полиция қызметкері бекітілген. Ол жануарды азықтандыруға, қызметке дайындауға және күнделікті күтім жасауға жауапты.

Кавалериялық взводтың бөлімше командирі Даниял Егоров бес жылдан бері Ахиллес есімді тұлпармен бірге қызмет атқарып келеді. Полицей серігін қырсықтау әрі мінезді болғанымен, сенімді әрі сүйікті серігі ретінде сипаттайды.

– Атты полиция қатарына келген сәттен бастап Ахиллесті таңдадым. Ол басқа жылқылар секілді күніне үш мезгіл қоректенеді. Рационында жем мен шөп бар. Жаз мезгілінде біз де, патрульдеу аумағындағы тұрғындар да оны алма мен сәбізбен жиі еркелетеміз, - дейді Даниял Егоров.

Мұндай қызмет форматы өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Жыл басынан бері атты полиция қызметкерлері 30-ға жуық әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі ұсақ ұрлықтар мен қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне қатысты.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атты полицияның рөлі ерекше. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға да өз үлестерін қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру