Жағажайдағы демалыс: Абай облысында қоғамдық орынды ластағандардың жолы кесілді
Абай облысында жағажайлардың бірінде үш әйелдің демалысы құқық бұзушылықпен аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31, 36 және 49 жастағы азаматшалар жағажай аумағында алкогольдік ішімдік ішіп қана қоймай, қоғамдық орынның тазалығы мен тәртібіне немқұрайлы қарап, белгіленбеген жерде жеке қажеттіліктерін өтеген. Алайда олардың бұл әрекеті полицейлер мен камера назарынан тыс қалмады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына барып, құқық бұзушылардың жолын кесті.
Бір қарағанда бұл жай ғана жағажайдағы демалыс көрінуі мүмкін. Бірақ қоғамдық орын – барлығымыздың жеке жауапкершілігімізде. Бір адамның жауапсыз әрекеті ондаған адамның жайлы демалысына кері әсер етеді. Сондықтан заң талаптары жағажайда да, саябақта да, көшеде де бәріне бірдей.
Бүгінде "Таза Қазақстан" бастамасы аясында өңірде тазалық пен қоғамдық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл тек қоқыс жинау емес, бұл – азаматтардың сана-сезімін өзгертуге бағытталған ортақ құндылық.
