Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тыныштық салтанат құрған ауыл

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылы бүгінде өңірдегі ең тыныш әрі берекелі елді мекендердің бірі саналады. Соңғы бірнеше жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының құқықтық мәдениеті жоғары екенін, қоғамдық тәртіп пен өзара жауапкершілік қағидаттарының берік орныққанын аңғартады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түсірілім тобы ауылға арнайы барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесімен танысты. Ауылдың басты ерекшелігі – тұрғындардың ауызбіршілігі мен ортақ іске деген жауапкершілігі. Мұнда әрбір азамат туған жерінің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға өзіндік үлесін қосады.

Талдыбұлақ тұрғындарының айтуынша, ауылдағы татулық пен өзара сыйластық қоғамдық тәртіптің берік сақталуына негіз болып отыр. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Үлкендердің өнегесі мен ақыл-кеңесі жастардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етуде.

Ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторы Қыдыркелді Мәжікеннің де еңбегі ерекше. Оның тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіптің сақталуына оң әсерін тигізіп келеді.

Бүгінде Талдыбұлақ тек қылмыссыз ауыл ғана емес, бірлік пен ынтымақтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты нәтижеге жеткізетінінің жарқын үлгісі. Бұл ауылдың тәжірибесі қоғамдық келісім мен ортақ құндылықтарға негізделген қауіпсіз қоғам құрудың тиімді жолдарының бірі екенін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру