Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында балаларға арналған профилактикалық акция өтті

Ақмола облысында жазғы лагерьде демалып жатқан 100-ден астам баланы қамтыған "Қауіпсіз демалыс" профилактикалық акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысындағы "Звездный" балалар сауықтыру лагерінде демалып жатқан балалармен полиция қызметкерлерінің кездесуі танымдық әрі мазмұнды форматта ұйымдастырылды. Жыл сайын Қазақстанның әр өңірінен келген балаларды қабылдайтын Бурабайдағы лагерьде бұл жолы "Қауіпсіз демалыс" атты профилактикалық акция өткізілді.

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – балаларға қауіпсіздік ережелерін, құқықтық жауапкершіліктің маңызын және салауатты өмір салтын ұстанудың қажеттілігін түсіндіру болды. Кездесу дәстүрлі дәріс түрінде емес, ашық диалог форматында өтіп, балалар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Іс-шараны Ақмола облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова ашты. Ол өңірде өтіп жатқан есірткіге қарсы айлықтың мақсаты мен маңызы туралы айтып, кәмелетке толмағандар мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды.

Кездесу барысында балаларға есірткі мен психоактивті заттардың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зияны түсіндірілді. Сонымен қатар жасөспірімдерді интернет пен әлеуметтік желілер арқылы есірткінің заңсыз айналымына тарту тәсілдері туралы айтылып, күмәнді ұсыныстарға алданбау қажеттігі ескертілді.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі мәселелеріне де тоқталып, заңды өкілдердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде жүруге болмайтынын еске салды. Сондай-ақ ұсақ бұзақылықтың, алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың және өзге де құқық бұзушылықтардың салдары түсіндірілді.

 

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған түсіндірмесі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Тәртіп сақшылары велосипедтерді, электр велосипедтерді, скутерлерді және басқа да мотокөлік құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндірді.

Көрнекілік мақсатында реттеушінің негізгі қимылдары көрсетіліп, олардың мағынасы түсіндірілді. Балаларға жаяу жүргіншілер мен екі доңғалақты көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі еске салынды.

Кездесу барысында буллинг пен кибербуллинг мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Балаларға интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік қағидалары, цифрлық ортадағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік және дропперлік құбылысының қауіптілігі туралы ақпарат берілді.

Іс-шара соңында ең белсенді қатысушыларға тақырыптық символикасы бар футболкалар мен бейсболкалар, сондай-ақ кеңсе тауарлары табысталды. Балаларға ақпараттық брошюралар таратылып, танымдық бейнероликтер көрсетілді. Акция спорттық жарыстар мен тақырыптық викториналарға ұласты.

100-ден астам баланы қамтыған профилактикалық акция жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру