Алматыда "Есірткіге жол жоқ" атты ауқымды флешмоб өтті
Алматыда "Есірткіге жол жоқ" атты ауқымды флешмоб өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында ҚБТУ ғимараты алдындағы алаңда "Есірткіге жол жоқ" атты ауқымды есірткіге қарсы флешмоб ұйымдастырылды.
Іс-шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай өткізілетін есірткіге қарсы айлық аясында өтті. Шараның негізгі мақсаты – есірткі құралдарына деген теріс көзқарасты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында мемлекет, құқық қорғау органдары мен қоғамның күшін біріктіру болды.
Акцияның ерекше сәттерінің бірі ретінде қатысушылар көлемі 10х5 метр болатын "Есірткіге жол жоқ" жазуы бар үлкен туды жайып, есірткі қатеріне қарсы бірыңғай азаматтық ұстанымын білдірді.
Іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, "Жастар Рухы" жастар қанатының өкілдері, Алмалы аудандық прокуратурасы мен аудан әкімдігінің өкілдері, еріктілер, студенттер және қала тұрғындары қатысты.
Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Әбдімасаровтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың профилактикалық маңызы зор.
- Біздің басты міндетіміз – есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу ғана емес, сонымен қатар кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізу. Осындай акциялар қоғамға, әсіресе жастарға маңызды ойды жеткізеді: есірткінің біздің өмірімізде орны жоқ, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар тұрғындардың ақпараттану деңгейін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғамның есірткі қатерлеріне қарсы иммунитетін нығайтуға ықпал етеді.
