Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінде 40-тан астам сотталған орта білім туралы аттестат алды

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 40-тан астам сотталғанға орта білім туралы аттестат табысталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы білім басқармасының Семей қаласы білім бөлімінің “Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жанындағы №2 жалпы білім беретін мектеп” КММ-де биылғы оқу жылын сәтті аяқтаған сотталғандарға аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Іс-шара барысында білім беру бағдарламасын толық меңгерген 40 сотталғанға мемлекеттік үлгідегі аттестаттар табысталды. Түлектерді оқу жылын сәтті аяқтауларымен мекеме әкімшілігі мен педагогикалық ұжым құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік, өз күштеріне сенім және алған білімдерін болашақта тиімді пайдалануына тілектестік білдірді.

– Мен қазір 36 жастамын. Балалық шағымның көп бөлігі көшеде өтті. 14 жасымда оқуды тастап, уақытымды достарыммен өткіздім. Кейін жұмыс істеп, білімсіз де өмір сүруге болады деп ойладым. Оқуды үнемі кейінге қалдырып жүрдім. Осында келген соң, бас бостандығынан айыру орындарында да білім алуға мүмкіндік бар екенін біліп, осы мүмкіндікті міндетті түрде пайдалануға шешім қабылдадым. Бостандыққа шыққаннан кейін мамандық алып, жұмысқа орналасып, тек адал еңбекпен табыс табуды жоспарлап отырмын, – деп бөлісті сотталғандардың бірі.

Өз кезегінде мекеменің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Максат Серікханов білім алудың сотталғандарды түзеу және оларды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындау үдерісіндегі маңыздылығын атап өтті.

– Білім алу сотталғандарға тек білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға ғана емес, өмірлік құндылықтарын қайта қарауға, өз күштеріне деген сенімді қалыптастыруға және болашақ мақсаттарын айқындауға көмектеседі. Әрбір алынған аттестат – табысты әлеуметтенуге, жұмысқа орналасуға және бостандыққа шыққаннан кейін заңға бағынатын өмір сүруге жасалған тағы бір қадам, – деді Максат Серікханов.

Түлектер педагогтарға олардың еңбегі, қолдауы және білім беруге қосқан үлесі үшін шынайы алғыстарын білдірді. Сотталғандардың айтуынша, білім алу тұлғалық дамуға, кәсіби өсуге және лайықты болашақ құруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру