Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісудағы үлгілі ауылдар қатары көбейді

Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Ақтөбе ауылы алкоголь өнімдерінен ерікті түрде бас тартып, "Арақсыз ауыл" бастамасына қосылды. Осылайша өңірде ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 31-ге жетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Арақсыз ауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Ақтөбе ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерін тұтынудан ерікті түрде бас тарту туралы ортақ шешім қабылдады.

550-ге жуық тұрғыны бар ауылда бұл бастама ақсақалдар кеңесі мен жергілікті тұрғындардың кең қолдауына ие болды. Басты мақсат – қоғамдық тәртіпті нығайту, отбасы институтын қолдау және жас ұрпақтың тәрбиесіне қолайлы орта қалыптастыру.

Тұрғындардың ауызбіршілігі мен белсенді азаматтық ұстанымының нәтижесінде ауылда салауатты өмір салтын насихаттау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ өзара сыйластық пен татулықты дәріптеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Айта кету керек, бүгінде Жетісу облысында "Арақсыз ауыл" қағидатын ұстанатын елді мекендер саны 31-ге жетті. Мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды сақтауға оң ықпал етуде.

Жетісу облысының полициясы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдайды және тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Берекелі қоғам – әр адамның саналы таңдауы мен ортақ жауапкершілігінің нәтижесі. Ақтөбе ауылының бұл шешімі қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің, жарқын болашаққа деген сенімнің айқын көрінісі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру