Жасөспірімдер қауіпсіздігі: Абай облысында полиция профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда
Абай облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бір күн ішінде 58 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 54 жасөспірім анықталды. Олардың барлығымен және ата-аналарымен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 4 жағдай тіркелді. Балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне салғырт қараған 5 заңды өкіл профилактикалық есепке алынды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ата-аналардың жауапкершілігін күшейту – басты басымдықтардың бірі.
