Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада 41 жастағы сотталған аттестат алды

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 және №60 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан бірқатар азаматтар жалпы орта білім беру бағдарламасын аяқтап, мектеп аттестатына ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соның ішінде №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 41 жастағы азамат орта мектепті толық тәмамдап, аттестат алды. Ол есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Сотталғанның айтуынша, жас кезінде отбасына қолдау көрсету мақсатында ерте еңбекке араласып, оқуын аяқтауға мүмкіндік болмаған. Алайда жазасын өтеу барысында білім алудың маңызын терең түсініп, мектеп бағдарламасын қайта оқуға шешім қабылдаған.

– Жастық шақта білімнің қадірін толық бағалай бермейді екенбіз. Сол кезде оқудың маңызын жете түсінбедік. Қазір өмірге деген көзқарасым өзгерді. Бас бостандығымнан айырылсам да, мектепті аяқтап, аттестат алғаныма қуаныштымын. Бостандыққа шыққаннан кейін жоғары білім алып, жаңа өмір бастағым келеді. Білім алуға ешқашан кеш емес екеніне көзім жетті, – дейді ол.

Жалпы №37 және №60 мекемелерінде 15 сотталған азамат 11-сыныпты аяқтап, орта білім туралы аттестатқа ие болды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 127-бабына сәйкес, орта білімі жоқ 30 жасқа дейінгі сотталғандар үшін орта білім алу міндетті болып табылады. Ал 30 жастан асқан азаматтар білім алуды өз еркімен жалғастыру құқығына ие.

Осыған сәйкес, мекемелерде жазасын өтеп жатқан 30 жастан асқан бірқатар азамат өз өтініштері негізінде білім алып, орта мектеп бағдарламасын толық меңгеріп шықты.

Білім беру – сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Бұл жұмыстар азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру