Әуе патрулі: полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде дрондарды қолданады
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Полицейлер жолдың ең қауіпті учаскелерінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен бақылау жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дрондар жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды әуеден анықтауға, қауіпті маневрлерді, қарсы жолаққа шығуды, басып озу ережелерін бұзуды және жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін басқа да әрекеттерді тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұл технологияның тиімділігі сандармен расталады: жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 30 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталып, тоқтатылды.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану жол жағдайын қадағалау тиімділігін айтарлықтай арттырады, себебі бұл трассалардың үлкен аумағын қамтуға және бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — жүргізушілерді жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
