Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Туристік полиция: қоғамдық тәртіп пен қауіпсіз демалыс жолында

Шығыс Қазақстан облысында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полиция қызметінің сапасын арттыру мақсатында 2024 жылдың маусым айынан бастап Алтай аудандық полиция бөлімінде туристік полиция тобы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бөлімше штатында 5 қызметкер қызмет атқарады, олардың үшеуі жазғы демалыс маусымында Бұқтырма су қоймасының жағалауында патрульдік қызметке жұмылдырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаз мезгілінде өңірге келетін демалушылар саны айтарлықтай артады. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында 53 мыңға жуық адам демалса, биылғы жылдың басынан бері өңірге шетелдік қонақтарды қоса алғанда 4 мыңға жуық турист келген.

Туристік полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету. Осы бағытта олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының орындалуына бақылау жүргізіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын күшейтуде. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, туристік полиция өкілдері кеңесші әрі көмекші қызметін де атқарады. Шетелдік туристермен тиімді байланыс орнату мақсатында қызметкерлер ағылшын тіліндегі негізгі қарым-қатынас дағдыларын меңгеруде. Бұл оларға қонақтарға бағыт-бағдар беруге, қажетті ақпарат ұсынуға және қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Туристік полиция қызметі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Дегенмен дәл осы қызметтің арқасында мыңдаған турист Шығыс Қазақстанның табиғи көрікті жерлерін қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тамашалай алады.

Туристік полиция – азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында тәулік бойы қызмет ететін сенімді серіктес. Сіздің жайлы әрі қауіпсіз демалысыңыз – полицияның басты назарында.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру