Ұрпақтар сабақтастығы: Ходацкийлердің полициядағы қызмет жолы
Ішкі істер органдарындағы әулеттік сабақтастық – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапкершілік пен кәсібиліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының айқын көрінісі. Осындай өнегелі отбасылардың бірі – Павлодар облысының полиция қызметінде абыройлы еңбек етіп келе жатқан Ходацкийлер әулеті. Олар туралы Polisia.kz сайты толығырақ баяндап береді.
Бұл әулеттің тарихы құқық қорғау саласына өмірінің ширек ғасырынан астам уақытын арнаған отставкадағы милиция подполковнигі Юрий Ходацкийден бастау алады. Оның адалдығы мен қызметке деген жауапкершілігі ұлы Владимир Ходацкий үшін өмірлік бағдарға айналды.
Бүгінде Владимир Ходацкий Павлодар облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Оның құқық қорғау органдарындағы еңбек жолы 1999 жылы Ақсу қалалық ішкі істер бөлімінде басталған. Осы жылдар ішінде ол түрлі жауапты лауазымдарда қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтады.
– Мен үшін полиция қызметін таңдау – әкемнің жолын жалғастыру ғана емес, оның есімін құрметпен ұлықтаудың бір жолы. Әкем әрдайым мен үшін адалдықтың, жауапкершіліктің және адамдарға қызмет етудің үлгісі болды, – дейді Владимир Юрьевич.
Офицердің кәсіби өмірінде жедел кезекші қызметтің орны ерекше. Ол Ақсу қалалық полиция бөлімінде он жыл бойы жедел кезекші болып еңбек етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыстардың ашылуына тікелей үлес қосты.
Қазіргі таңда Владимир Ходацкий полиция қызметкерлерінің кәсіби және дене даярлығын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етеді. Оның пікірінше, заманауи полицей тек заңды жетік меңгеріп қана қоймай, кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай алатын, физикалық тұрғыдан шыныққан маман болуы тиіс.
Әріптестері Владимир Ходацкийді талапшыл әрі әділ басшы ретінде сипаттайды. Ол үшін тәртіп – қорқыныштан емес, саналы жауапкершіліктен туындайтын ұстаным. Сондықтан да оның кабинетіне қызметкерлер бұйрық алу үшін емес, ақыл-кеңес пен қолдау іздеп келеді.
Көпжылдық мінсіз қызметі үшін Владимир Ходацкий мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталған. Алайда ол өз жетістіктерінің басты тірегі отбасы екенін ерекше атап өтеді.
Жұбайы Ирина – оның сенімді серігі әрі қолдаушысы. Қызы Милена шетелде білім алып жүрсе, ұлы Данил Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде еңбек жолын жалғастыруда. Бұл да әулеттегі патриоттық тәрбиенің нақты көрінісі.
Қызметтен тыс уақытта Ходацкийлер отбасы табиғат аясында демалғанды ұнатады. Театр мен музейлерге барып, өзен жағасында балық аулап, бірге уақыт өткізуді отбасылық дәстүрге айналдырған.
Ходацкийлер әулетінің тарихы – қызметке адалдықтың, отбасылық құндылықтардың және Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі. Осындай әулеттердің арқасында құқық қорғау органдарындағы кәсіби дәстүр сабақтастығы сақталып, қоғам игілігі жолындағы жауапты қызмет жалғасын табуда.
