Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда ІІО ардагері полиция қызметкерлеріне ақыл-кеңес берді

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу облысында қызметке құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды кездесу өтті. Іс-шара барысында Жетісу облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерік Болатаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуде ардагер ішкі істер органдарындағы қызметтің қай кезеңде де аса жауапты әрі күрделі болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұрын полиция қызметкерлерінен төзімділік, қырағылық және мол тәжірибе талап етілсе, бүгінде бұл қасиеттерге заманауи технологияларды меңгеру, цифрлық жүйелермен жұмыс істеу және жаңа әдістерді тиімді пайдалану міндеттері қосылған.

Ардагер өткен жылдардағы қызмет ерекшеліктеріне тоқталып, ол кезеңде ұялы байланыс пен жедел ақпаратқа қолжетімділік шектеулі болғанын айтты. Сондықтан әрбір іс жан-жақты тексеруді, азаматтармен тікелей жұмыс жүргізуді және мұқият талдауды қажет еткен.

Ардагердің сөзінше, сол кезеңдегі қызметкерлердің тәжірибесі, қырағылығы мен жағдайды дұрыс бағамдай білу қабілеті кәсіби мектептің қалыптасуына негіз болды.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта бейнебақылау жүйелері, электрондық дерекқорлар және заманауи талдау құралдары полиция жұмысының тиімділігін арттырғанын атап өтті. Дегенмен қандай өзгерістер болса да, офицерлік ар-намыс, антына адалдық және адамгершілік қағидаттары құқық қорғау қызметіндегі басты құндылық болып қала беретінін жеткізді.

Кездесу барысында Ерік Болатаев жас қызметкерлерге табандылық, қызметте табыс, парасаттылық пен жауапкершілік тіледі. Оның пікірінше, бүгінгі жас буын өткеннің озық дәстүрлерін сақтап, құқық қорғау жүйесінің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Іс-шара соңында ардагер полиция қызметі халық, заң және ар-ождан алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру