Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда Полиция күні кеңінен аталып өтті

Қазақстан полициясы күніне орай Павлодар қаласындағы Ertis Promenad сахнасында ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, полиция қызметінің қоғамдағы маңызын кеңінен танытуға мүмкіндік берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара "ERTIS" өңірлік телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, мерекелік атмосфераны мыңдаған көрерменнің тамашалауына жол ашты. Тікелей көрсетілім полиция мамандығының ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерекше рөлін тағы бір мәрте айқындай түсті.

Мереке аясында қонақтарға полиция бөлімшелерінің заманауи техникасы мен қару-жарақтарының көрмесі ұсынылды. Тәртіп сақшылары арнайы техникалардың мүмкіндіктері мен оларды қызмет барысында пайдалану ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Көрме полицияның техникалық әлеуеті мен кәсіби дайындығын көрсеткен маңызды алаңға айналды.

Көрермендердің ерекше қызығушылығын полицей-кинологтардың көрсетілімдері тудырды. Қызметтік иттер өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, мойынсұну және арнайы жаттығу элементтерін орындады. Бұл көріністер құқық қорғау органдары қызметіндегі төрт аяқты көмекшілердің маңызын айқын аңғартты.

Мерекелік кештің маңызды бөліктерінің бірі – "Бейбіт күннің батырлары" атты фотокөрме болды. Көрмеге кәсіби фотографтардың, студенттер мен оқушылардың жұмыстары қойылып, полиция қызметінің түрлі қырлары бейнеленді. Фототуындыларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтарға көмек көрсету, жедел-профилактикалық жұмыстар мен қауіп-қатерге толы қызмет сәттері көрініс тапты.

Кештің сәнін полиция қызметкерлерінің шығармашылық өнері кіргізді. Әншілік қабілетімен танылған полицейлер сахнада танымал әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік өнерпаздарға қосылып ән шырқап, әрбір нөмірді зор қошеметпен қарсы алды.

— Полиция қызметкерлеріне осындай әсерлі мереке ұйымдастырғандары үшін алғысымды білдіремін. Бұл кеш ерекше атмосферасымен есте қалды, — деді Үндістаннан келген қонақ Афаал.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің басты жетістігі – көрермендердің көтеріңкі көңіл күйі мен шынайы қуанышы. Іс-шара полиция қызметкерлерін азаматтарға жақындатып, олардың тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, мәдени-рухани өмірге де белсенді үлес қосатынын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру