Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Егіз сақшылар ел тыныштығы күзетінде

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – батылдықты, жауапкершілікті және антқа адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Осы жолды таңдаған егіз ағайынды Сарбуфиндер бүгінде ішкі істер органдарында қызмет атқарып, азаматтардың тыныштығы мен заңдылықтың сақталуына өз үлестерін қосып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір шаңырақта тәрбиеленіп, бірдей құндылықтарды бойына сіңірген қос бауырдың өмірлік таңдауы да ортақ мақсатпен астасқан.

Полиция аға лейтенанты Асан Сарбуфин Атырау облысы полиция департаментінің Исатай аудандық полиция бөлімінде патрульдік полиция тобының инспекторы қызметін атқарады. Ол кәсіби тәжірибесі мен жинақтаған біліктілігін ел игілігі жолында жұмсап, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді үлес қосып келеді.

Ал оның егіз бауыры Үсен Сарбуфин Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында қызмет инспекторы болып еңбек етеді. Күнделікті қызметінде азаматтардың құқықтарын қорғауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталған міндеттерді абыроймен атқаруда.

Егіз бауырлар әрқайсысы өз қызмет саласында кәсібилік пен адалдықтың, табандылық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Олар үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, ел алдындағы жауапкершілік пен берілген антқа деген адалдықтың айқын көрінісі.

Бір отбасынан шыққан қос тәртіп сақшысының еңбек жолы жастарға өнеге болып, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін танытады. Бүгінде ағайынды Сарбуфиндер халық сенімін ақтап, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру