Полиция күні: Атырауда үздіктер марапатталып, ардагерлер ұлықталды
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында тәртіп сақшыларына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелері және полиция департаментінің жеке құрамы қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара аясында полиция қызметінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі даму жолын таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ішкі істер органдарының жетістіктері, қызмет барысында қолданылатын заманауи техникалар мен арнайы құралдар көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты жиында ішкі істер саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен сала ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің және Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің алғыс хаттары табысталды.

Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал әрі абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар полиция қызметкерлеріне мерзімінен бұрын арнайы атақтар берілді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар патриоттық және эстрадалық әндерді орындады. Кәсіби мерекеге арналған бұл іс-шара полиция қызметкерлері мен ардагерлерге көрсетілген зор құрметтің көрінісіне айналып, олардың қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне берілген жоғары бағаны айшықтады.

