Павлодарда үздік полицейлер ведомстволық марапаттарға ие болды
Павлодар облысы полиция департаментінде Қазақстан полициясының 34 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Мерекелік жиынды департамент бастығы Василий Скляр ашып, құттықтау сөз сөйледі.
— 23 маусым — Қазақстан полициясы тарихындағы ерекше күн. Бұл – полицияның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан және бүгінде оның қатарында абыроймен қызмет атқарып жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі. Бұл – адал еңбегімен халықтың сый-құрметіне бөленген ардагерлерге көрсетілген алғыс. Сондай-ақ бейбіт уақытта азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін жанын қиған ерлерді еске алу күні. Офицерлерді, сержанттарды, қатардағы қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын және таңдаған мамандықтарына адал болғандары үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің еңбегіміз өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі болатынына сенімдімін, – деді ол.
Салтанатты шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі істер органдарындағы адал қызметі үшін Аскар Сабабаевқа полиция полковнигі, Айдын Нұрымовқа, Медет Бейсеновке және Сергей Козловқа полиция подполковнигі, Әлібек Қайдаров пен Азамат Уәлиевке полиция майоры арнаулы атақтары берілді.
“Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін” медалімен Бауыржан Бидаев марапатталды. “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі Балғабай Қапаровқа, Қанат Қайыргелдиновке және Рустам Күзембаевқа табысталды. ІІМ Құрмет грамотасымен Мадина Жұмабаева марапатталды. ІІМ грамотасы ардагер Қуат Амерхановқа, ал алғыс хат Гүлия Шадиеваға берілді.
Сонымен қатар бірқатар тәртіп сақшысы облыс әкімінің құқықтарымен марапатталды. Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полицейлер көтермеленді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, домбыраның қоңыр үні кең даланың тынысын сездірді. Сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ел ұлдарын ұлықтайтын әндер орындалды.
