Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада қоғамдық көлік жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Астанада "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында қоғамдық көлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері автобус парктері мен қоғамдық көлік бағыттарында кешенді тексерулер жүргізіп, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне және жол қозғалысы ережелерін орындауына ерекше назар аударуда.

Өткізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігі бойынша 80-нен астам автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу, көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау және өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркелді.

Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өйткені жолаушылардың қауіпсіздігі жүргізушілердің кәсібилігіне, тәртіптілігіне және жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Қоғамдық көліктегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бақылау және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру