Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесіне тыйым салынған зат кіргізбек болған ер адам ұсталды
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесіне тыйым салынған зат кіргізбек болған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарасора - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы мен "Тосқауыл" республикалық профилактикалық іс-шарасы аясында №46 орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерімен бірлесіп, мекеме аумағына тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолын кесті.
Мекеме аумағына кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкердің өндірістік қажеттіліктеріне арналған құрылыс материалдарын жеткізіп келген 52 жастағы жүргізуші басқарған жүк көлігін тексеру барысында тыйым салынған заттарды жасыру белгілері бар заттар анықталды.
Көлік шанағын мұқият қарау кезінде құрылыс материалдарының арасынан "ПВА желімі" деген таңбасы бар екі құты табылды. Олардың ішінде айлакерлік тәсілмен есірткіге ұқсас заттар жасырылған.
Бірінші құтыдан өзіне тән иісі бар сұр-жасыл түсті зат салынған орама табылса, екіншісінен гашиш майы ("вакс") болуы мүмкін сұйықтық құйылған шағын құтылар анықталды.
Оқиға орнына Павлодар қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Бақылау-өткізу пунктінің аумағы тұтас бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бейнежазбалар алынып, тексеру материалдарына тіркелді.
Тәркіленген заттар олардың құрамын және шығу тегін анықтау мақсатында сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Аталған факті бойынша Павлодар қаласы полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалар кешені тағайындалды.
– №46 мекеме қызметкерлері белгіленген режим талаптарын қамтамасыз ету және мекеме аумағына тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде кешенді іс-шаралар жүргізеді. Қызметкерлердің үйлесімді жұмысы мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен тиімді өзара іс-қимылдың арқасында осындай құқық бұзушылықтардың жолы уақытылы кесілуде. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасады, – деп атап өтті №46 мекемесінің жедел бөлім қызметкері.
