Атыраудағы ҚАЖД мекемесінде медиация күні ұйымдастырылды
Атыраудағы ҚАЖД-ға қарасты №79 мекемеде медиация күні ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №79 мекемесінде Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" КММ-нің Медиация орталығы жүзеге асырып жатқан "Елдесу және татуласу" жобасы аясында ашық есік күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сындарлы диалог мәдениетін дамыту, этносаралық және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту.

Шараға Атырау облыстық медиация кеңесінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, қоғамдық медиатор, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Гульнафис Танбаева, қоғамдық медиатор әрі кәсіпкер Михаил Щадилов, қоғамдық медиатор әрі кәсіпкер Хаят Джапаров, Медиация орталығының үйлестірушісі әрі медиатор Гульнафис Жармұханбетова, сондай-ақ Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №79 мекемесі бастығының орынбасары қоғамдық медиатор және облыстық медиация кеңесінің мүшесі Марта Өтепова сотталғандармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында медиация саласының мамандары сотталғандарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен сауалдарын тыңдады. Қабылдау кезінде медиация институтының артықшылықтары, дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері және құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сотталғандар өздерін толғандырған мәселелер бойынша кәсіби кеңес алып, қажетті құқықтық ақпаратқа қол жеткізді. Ашық форматта өткен кездесу өзара сенім мен сындарлы диалог алаңына айналды.
Мұндай іс-шаралар сотталғандардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың заң талаптарын тереңірек түсінуіне, қоғамға қайта бейімделуіне және құқықтық санасының қалыптасуына оң ықпал етеді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
