Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда киберқауіпсіздікке арналған ауқымды онлайн-кездесу ұйымдастырылды

Түркістан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкерімен онлайн-кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері медицина саласының өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуанышбай Жұмаділдаев, Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және өңірдің екі мыңнан астам медицина қызметкері қатысты.

Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, алаяқтардың қолданатын жаңа айла-тәсілдері, сондай-ақ дербес деректерді қорғаудың тиімді жолдары жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе белгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға қатысты сақтық шараларына ерекше назар аударылды.

Полицейлер медицина қызметкерлеріне ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға банк карталарының деректемелерін, SMS-хабарламалардағы растау кодтарын және өзге де құпия мәліметтерді бермеуге кеңес берді. Сондай-ақ күмәнді интернет-сілтемелерге өтпеу және ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру қажеттігі ескертілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсіндіріп, құқық қорғау органдарына жедел хабарласудың маңызын атап өтті.

Іс-шара қорытындысында медицина қызметкерлері қазіргі киберқауіптер туралы өзекті ақпарат алып, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған практикалық ұсынымдармен танысты.

Мұндай профилактикалық кездесулер азаматтардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру