Жамбыл облысында бет тұмшалауға қатысты 20-ға жуық заң бұзушылықтың жолы кесілді
Жамбыл облысында бет тұмшалауға қатысты 20-ға жуық заң бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде 2 наурыздан бастап қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық жабатын киімдерді, оның ішінде никаб киюге заң жүзінде тыйым салынды. Осыған байланысты Жамбыл облысында заң талаптарының сақталуын бақылау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қоғамдық орындарда, сауда орталықтары мен базарларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және адамдар көп жиналатын орындарда профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Азаматтарға қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылуда.
Сонымен қатар өңірдегі бірқатар қоғамдық орындарға тұрғындардың назарын заң талаптарына аударуға арналған арнайы ақпараттық-ескерту баннерлері орналастырылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында аталған талапты бұзудың 20-ға жуық дерегі анықталып, құқық бұзушыларға заң аясында тиісті шаралар қолданылды.
Жамбыл облысы полиция департаменті азаматтарға қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық жабатын киім киюге заңмен тыйым салынғанын және мұндай талапты бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салады. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге шақырады.
