Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер жолда қиын жағдайда қалған жүргізушіге көмектесті

Қазақстандық тұрғын Абай облысы полиция қызметкерлеріне тас жолдағы көмегі үшін алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейде полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі қылмыстың бетін ашу немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана емес, қиын жағдайда қалған азаматтарға дер кезінде қол ұшын созуымен де көрінеді.

Қазақстандық тұрғын Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция қызметкерлері –  Нұрбол Бузабаев пен Ержан Тлеубаевке Алакөл – Мақаншы автожолында көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді.

Әйелдің айтуынша, 29 маусым күні сағат 19:52 шамасында өзі мен құрбысы мінген автокөлік мобильді байланыс мүлде жоқ жол учаскесінде кенеттен істен шыққан. Елді мекендерден алыс жерде қалған олар көмек шақыру мүмкіндігінен айырылып, қиын жағдайға тап болған.

Осы сәтте жол бойымен патрульдік полиция экипажы өтіп бара жатып, бірден тоқтап, мән-жайды анықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдаған.

Полицейлер әйелдердің бірін жолай өтіп бара жатқан автобусқа қауіпсіз отырғызып жіберсе, екіншісімен бірге көлік мәселесі толық шешілгенге дейін болған. Кейін олардың көмегімен Газель автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылып, ол бұзылған көлікті сүйреп апаруға келіскен.

Алғыс хат иесі полиция қызметкерлерімен қатар, Газель жүргізушісіне де ризашылығын білдіріп, оның тәртіп сақшыларының өтінішіне бейжай қарамай, қиын жағдайда қалған жолаушыларға көмек көрсеткенін ерекше атап өткен.

- Қиын сәтте кәсібилік танытып, жанашырлықпен қарап, көмекке әрдайым дайын болғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Осындай әрекеттер полицияға деген халық сенімін арттырып, нағыз тәртіп сақшыларының қандай болатынын көрсетеді, – делінген алғыс хатта.

Бұл оқиға полиция қызметінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін, қажет кезде азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіздігіне жанашырлықпен қарайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Осындай игі істер қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты нығайтып, полицияның халыққа қызмет етудегі басты миссиясын айқындай түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру