Қызылордада жазасын өтеушілер арасындағы жазғы спартакиада өз мәресіне жетті
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37, №60 және №68 мекемелерінде бір айға созылған жазғы спартакиада өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәстүрлі спорттық додаға 700-ден астам сотталған қатысып, спорттың бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады.
Спартакиада аясында қатысушылар футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы және өзге де спорт түрлерінен бақ сынады. Бір ай бойы өткен жарыстар нәтижесінде үздік өнер көрсеткен командалар жүлделі орындарға ие болып, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен, медальдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 128 және 129-баптарына сәйкес спорттық іс-шараларға белсенді қатысып, үлгілі тәртіп көрсеткен 300-ге жуық сотталғанға көтермелеу шарасын қолдану үшін мекеме бастығына ұсынылды.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бас маманы Серік Сейдахметовтің айтуынша, спорттық шаралар сотталғандарды тәрбиелеу мен қайта әлеуметтендіру жұмыстарының маңызды бағыты болып саналады.

– Бір ай бойы жалғасқан спартакиада сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және олардың дене дайындығын арттыруға мүмкіндік берді. Мұндай жарыстар тәртіпті нығайтып қана қоймай, жауапкершілік, ұйымшылдық және жеңіске деген ұмтылыс сияқты оң қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да осындай тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі, – деді Серік Сейдахметов.
