Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай академиясының курсанты Арай Төлеубай Азия чемпионы атанды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 3-курс курсанты Арай Төлеубай 2026 жылғы 26 маусымда Филиппин Республикасының Манила қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы самбодан Азия және Океания чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Арай Төлеубай – спорттық және жауынгерлік самбодан спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері. Сонымен қатар ол дзюдо мен қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер. Болашақ офицер күреспен 7-сыныптан бастап айналысса, 2025 жылдан бері жауынгерлік самбода бақ сынап келеді.

Азия чемпионын академия басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы мен курсанттар салтанатты түрде қарсы алып, жарқын жеңісімен құттықтады. Бұл жеңіс академия ұжымы үшін зор мақтаныш әрі үлкен қуаныш болды.

Академия басшылығы чемпионға алдағы халықаралық жарыстарда да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіріп, оның табандылығы мен жетістіктері жас буынға үлгі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Арай Төлеубай өзіне көрсетілген құрмет пен қолдау үшін академия ұжымына алғыс айтып, жастарды спортпен тұрақты айналысуға, алға қойған мақсаттарына адал болып, үздіксіз еңбектенуге шақырды.

Сондай-ақ академияда бірінші курс курсанттарының қатысуымен Азия чемпионымен кездесу өтті. Еркін форматта өткен кездесуде курсанттар чемпионнан жарысқа дайындық барысы, жеңіске жетудің сыры, спорт пен оқуды қатар алып жүрудің қыр-сыры және болашақ жоспарлары туралы сұрады.

Кездесу жас курсанттарға ерекше әсер қалдырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Академия ұжымы Арай Төлеубайды айтулы жеңісімен тағы да құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа белестерді бағындыруына және толағай табыстарға жете беруіне тілектестік білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру