Дүрбелеңге салу – алаяқтардың басты құралы: Абай облысында полиция сақ болуға шақырады
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері кеңінен таралуда. Қаскөйлер азаматтардың сеніміне кіріп, асығыстығы мен эмоциялық күйін пайдалану арқылы жеке деректерін және ақшалай қаражатын иемденуге әрекет жасайды. Осыған байланысты Абай облысы полиция департаменті тұрғындарды қырағылық танытып, кез келген күмәнді жағдайға байыппен қарауға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі, мемлекеттік мекеме қызметкері немесе түрлі ұйымдардың маманы ретінде таныстырады. Олар "шотыңызда күмәнді операция тіркелді", "банк картаңыз бұғатталады", "сіз ұтысқа ие болдыңыз", "деректеріңізді растау қажет" деген желеумен азаматтарды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Соның салдарынан кейбір адамдар жеке немесе қаржылық мәліметтерін өз еркімен үшінші тұлғаларға беріп қояды.
Полиция ескертеді: ешбір банк немесе мемлекеттік орган телефон арқылы банк картасының толық деректерін, CVV-кодын, SMS арқылы келетін растау кодтарын, PIN-кодты немесе құпия сөздерді сұрамайды. Мұндай мәліметтерді бөгде адамдарға беру қаржыңыздың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Сондай-ақ алаяқтар азаматтарға күмәнді сілтемелер жіберіп, сол арқылы жеке деректерді енгізуді немесе қосымшаларды жүктеуді талап етуі мүмкін. Көп жағдайда мұндай сілтемелер жалған сайттарға бағыттап, пайдаланушының жеке және банктік ақпаратын ұрлауға арналған. Сондықтан белгісіз сілтемелерге өтпей, тек ресми әрі сенімді интернет-ресурстарды пайдалану қажет.
Полиция азаматтарға мынадай қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауды ұсынады:
- белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарап, жеке мәліметтерді жарияламау;
- қаржылық операцияларды тек банктің ресми мобильді қосымшалары немесе бөлімшелері арқылы жүргізу;
- күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты нақтылау;
- бейтаныс адамдардың қысымына еріп, асығыс шешім қабылдамау;
- жеке және банктік деректердің құпиялылығын сақтау.
Алаяқтардың басты мақсаты – адамды абыржытып, ойлануға мүмкіндік бермей әрекет жасату. Сондықтан кез келген жағдайда сабыр сақтап, алынған ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру қажет.
Егер сіз немесе жақындарыңыз күмәнді қоңырауларға, хабарламаларға немесе интернет-алаяқтық белгілеріне тап болсаңыз, дереу полицияның 102 арнасына хабарласыңыз.
Полиция азаматтарды ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, қырағылық танытуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.
