Елордамен бірге есейген полицей туған қаласының тыныштығын күзетуде
Өзі туған қаланы бүгінде қорғап жүрген астаналық полицей туған күнін елордамен бірге атап өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда күні қарсаңында Астана қаласы полиция департаменті Сарыарқа аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Ризат Сейілқанов туған күнін атап өтуде. Биыл оған да, Астана қаласына да 28 жыл толды. Оның өмір жолы туған қаласымен тығыз байланысты. Ол осында дүниеге келіп, ер жетті, білім алып, отбасын құрды. Бүгінде елорданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді.

Ризат Астанамен бірге өсіп, қаланың жыл сайын жаңарып, көркейіп, заманауи мегаполиске айналғанының куәсі болды. Әсіресе, оған Сарыарқа ауданы ерекше ыстық. Балалық шағы осы ауданда өтіп, осындағы мектепте білім алған. Арада жылдар өткен соң туған ауданына полиция қызметкері ретінде қайта оралды.
Болашақ мамандығын таңдауға әкесінің ықпалы зор болды. Әкесі оны адалдыққа, әділдікке және қоғамға пайдасы тиетін азамат болуға тәрбиеледі. Мектепті тәмамдағаннан кейін Ризат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы полиция қызметінің қыр-сырын меңгерді. Оқу орнын аяқтаған соң туған қаласына оралып, соңғы алты жылдан бері Астана қаласы полиция департаментінде қызмет етіп келеді.
Қазіргі таңда полиция капитаны киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінде еңбек етеді. Әріптестерімен бірге интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстарды ашып, жәбірленушілерге көмек көрсетеді. Сонымен қатар тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Қызметтен тыс уақытта Ризат – қамқор жар, аяулы әке. Жұбайы Дильназ екеуі ұл тәрбиелеп отыр. Бос уақытында футбол ойнап, Астана қаласы Полиция департаментінің құрама командасының намысын қорғайды.
Тәртіп сақшысы үшін туған қаласында қызмет етудің мәні ерекше.
- Мен Астанамен бірге өстім. Бүгінде туған қалама қызмет етіп жүргенімді үлкен мақтаныш санаймын. Елордамыздың одан әрі дамып, қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналуына өз үлесімді қоса бергім келеді, – дейді Ризат Сейілқанов.
Оның айтуынша, туған қалаға деген сүйіспеншілік сөзбен емес, нақты іспен дәлелденуі тиіс.
- Әр адам өз қаласын жақсы көріп, оны аялауы керек. Сонда ғана бәріміз бірге оны бұрынғыдан да көркейтіп, қауіпсіз ете аламыз, – деп түйіндеді полиция қызметкері.
