Маңғыстауда полицейлер батпаққа батып қалған көлікті алып шықты
Маңғыстауда полицейлері батпақты жерде көліктері батып, қалып қойған үш азаматқа көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полициясы жүргізген кең ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде Бекет-Ата жерасты мешітіне зиярат еткеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен үш азамат табылып, оларға қажетті көмек көрсетілді.

Анықталғандай, азаматтар мінген автокөлік батпақты жерге батып қалып, аккумуляторының қуаты толық таусылғандықтан өздігінен қозғала алмай қалған.
Далалы және жол қатынасы қиын аумақтарда қызмет атқаруға арналған учаскелік полиция инспекторларына берілген жоғары өтімді қызметтік пикаптың көмегімен полицейлер оқиға орнына жедел жетті. Арнайы техниканың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, олар батпаққа батып қалған автокөлікті шығарып, аккумуляторын қуаттандырып, қозғалтқышын қайта іске қосты.
Полицейлердің жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында азаматтарға дер кезінде көмек көрсетіліп, олардың үйлеріне аман-есен оралуы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарына шалғай аумақтарға жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауға, көлік құралының техникалық жай-күйін мұқият тексеруге және жергілікті жердің ерекшеліктерін ескеруге кеңес береді.
