Ақтөбе облысында жабайы қарасораны жою шараларын қабылдамаған азаматтар жауапқа тартылды
Ақтөбе облысында жабайы қарасораны жою шараларын қабылдамаған азаматтар жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында есірткі қылмыстарының алдын алу және олардың жолын кесуге бағытталған "Қарасора" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында есірткінің заңсыз айналымының алдын алу бойынша тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар жалға берілетін және күмән тудыратын пәтерлер тексеріліп, тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұратын азаматтар анықталуда. Сондай-ақ есірткі қолданылуы мүмкін орындарға бақылау күшейтілді.
Жыл басынан бері тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 5 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үй-үйді аралау барысында алкоголь мен есірткі тұтынатын адамдар жиналуы ықтимал 76 пәтер анықталып, олардың барлығы полицияның бақылауына алынды.
Іс-шара барысында есірткі қолданылған притондар анықталып, онда болған үш азамат мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Жалпы жыл басынан бері мәжбүрлі емдеуге жіберілгендердің саны 21 адамға жетті.
Рейдтік іс-шаралар кезінде жабайы қарасора өсетін ошақтарды анықтау мен жоюға ерекше назар аударылуда. Жабайы қарасораны жою бойынша заңда көзделген міндеттерді орындамаған үш азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткіні насихаттайтын заңсыз граффити жазбаларын анықтап, жою жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері тұрғын үй секторын тексеру барысында көпқабатты үйлердің қабырғаларына салынған 44 есірткі граффити анықталып, толықтай өшірілді.
Полиция жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушыларына жабайы қарасораның өсіп кетуіне жол бермеу және оны дер кезінде жою заңмен белгіленген міндет екенін еске салады. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
